Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «SAZ&SOUL» вокалдық-аспаптық тобының концертіне шақырады.
Концерттік бағдарламада әртүрлі интерпретациядағы қазақтың халық әндері мен күйлері, заманауи музыкалық шығармалары және топтың авторлық төл әндері орындалады. Атап айтқанда, әдемі кеште көрермен назарына «Керімау-айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Ана туралы жыр», «Саржайлау», «Қалау» және т.б. көрермен көзайымына айналған туындылар ұсынылмақ.
«Saz&Soul» тобы 2016 жылы белгілі сазгер Әділжан Толықпаевтың жетекшілігімен құрылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаев ұжым құрамына талантты эстрада әншісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Меңдіғалиева, Болат Турабеков (ұрмалы аспап), Самғар Толқынханұлы (баян), Расул Изатов (гитара), Азамат Темірбаев (бас-гитара), Аслан Қуатов (пернелі аспап) сынды талантты кәсіби музыканттарды жинақтады.
Шығармашылық ұжым - «Егіз-Лебіз», «Qazaqstan дауысы», «Qazaqstan дауысы. Балалар» сияқты еліміздегі тележобаларды музыкалық сүйемелдейтін жетекші ансамбль. Көптеген отандық кино, телехикаялар мен бірқатар тележобаларға музыка жазған. «Saz&Soul»-дың Димаш Құдайбергенов, Сәкен Майғазиев, Жанар Дұғалова, Жұбаныш Жексенұлы, Дастан Оразбеков, Amre, Қайрат Нұртас сынды танымал әртістермен коллаборациялары еліміздің музыка әлеміне айтулы жаңалықтар әкелді. Әділжан Толықпаев Батырхан Шүкеновтың әндерінен дауыс пен фортепианоға арналған композициялардың нұсқаларын жазуға атсалысты және «Паралимпиец» фильмінің музыкасын жазған композитор.
Жан-жақты әрі бірегей ұжымның қатысушылары заманауи музыканың барлық стильдерін меңгерген және музыкалық композияцияларды этно-фольклордан бастап джазға дейін, фанктан рокқа дейін әртүрлі жанрларда құбылтып, әрлеп, өз мәнерлерінде орындайды.
Комментарии (0)