Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры МКҚК 2020 жылдың 25-26 қараша күні, сағат 19:00 де араға 15 жыл салып «Тұйғындар» хореографиялық тарихи би спектаклін көрермен назарына ұсынады. Қойылымның премьерасы 2005 жылы «Астана» Концерт залында (бұрынғы Конгресс-холлда) өткен болатын.
Қойылым қазақтың көне тарихынан сыр шертеді. Яғни, Қазақ хандығы құрылмай тұрып, VI-XI ғасырлар аралығында қазақ жерін мекендеген Cақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, одан әрі Түрік қағанатының құрылуы кезеңдерін бейнелейді.
Қойылымды «Тұйғындар» деп атаған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Түркітану-алтайтану орталығының директоры, доктор, профессор, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы. Ертеде «Тұйғын» деген құс болған. Сонымен қатар, әскердің ең алдында жүретін барлаушы топты да «Тұйғындар» деп атаған екен. Бұл жауынгерлер тұтқынға берілмеген және ешқашан кейін шегінбеген.
Қойылымның басты мақсаты – тасқа жазылған тарихымызды сахнада көркем дүниеге айналдырып, көрерменнің рухын ояту. Спектакль барысында Орхон-Енисей ескерткіштері, балбал тастар сахна төріне шығып, құпиясын ішіне бүккен тарих парақтары ашылады.
«Тұйғындар» хореографиялық қойылымы арнайы шақыртумен Мысыр еліне, Корей еліне барды. Спектакльде төл мәдениетіміз, тарихымыз, этнографиямыз, ұлттық киімдеріміз де толығымен сапалы қамтылған. Келіншектер қалай киіну керек, апалар қалай киінген, жауынгер қалай киінген, өнерпаздар қалай киінген және абыз бен бақсының айырмашылығы көрсетіледі.
«Тұйғындар» хореографиялық қойылымының музыкасы 2 жылдан астам уақытта жазылды. Композитор әрі өңдеуші Байдалы Рыспанбетов пен Хамит Шамғалиевтың талғампаздықпен жазған музыкалық шығармалары спектакльдің өн бойында сәтті қолданыс тапқан. Құрманғазы, Махамбет, Е.Брусиловский шығармаларымен қатар А.Жайымов пен М.Бердығұлов, Ә.Қазақбаев, Б.Рыспанбетовтердің өз шығармалары және халық күйлері мен әндері алынған.
Балетмейстері, қоюшы-режиссері, идеясы және либретто авторы, жоба жетекшісі – Е. Ағымбаев
Қоюшы балетмейстерлері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қ.Ағымбаева, Мирамгүл Айтмағамбетова
Композитор – Байдалы Рыспанбетов
Аранжировкасын жасаған – Хамит Шанғалиев
Сценограф – Манарбек Қарымсақов
Ғылыми кеңесші – Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Түркітану-алтайтану орталығының директоры, доктор, профессор, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы
Комментарии (0)