Жас көрерменнің музыкалық театрының сахнасында «Қыз Жібек» мюзиклінің премьерасы өтеді.
Либреттосын жазушы-драматург Ғ. Мүсірепов, халық әндері мен күйлері, халық композиторларының шығармалары негізінде музыкасын композитор Е. Брусиловский жазған «Қыз Жібек» музыкалық драмасы – ұлттық операмыздың інжу-маржанына айналды.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында қойылатын «Қыз Жібек» - этно-фольклорлық мюзикл болып сахналанады.
Шығармашылық топтың басты мақсаты, операдағы орындалатын ариялар мен хорлардың, күйлер мен билердің барлығы халық әндері мен халық композиторларының музыкалық шығармалары болғандықтан, әу баста симфониялық оркестрге арнап жазылған партитурасын қайтадан руахни тамыры мен өзегіне оралтып, халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазып, этно-фольлкорлық мюзиклге айналдыру.
«Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры - халқымыздың ежелден келе жатқан рухани мұрасы. Бұл туынды аңыз емес, шынайы өмірде болған оқиға. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тектілігі мен ұлттық болмысын сипаттайтын, қос ғашық Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын арқау ететін рухани құндылығымыз іспеттес бірегей туынды.
Этно-фольклорлық мюзиклдің желісі – Төлеген мен Қыз Жібек, Бекежан секілді үштаған бейнелердің арасында өтеді.
«Қыз Жібек» - тарихының тамыры тереңде жатқан ұлтымыздың бойтұмары, қасиетті рухы, ар-ұятының айнасы.
Сондықтан, қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтпай, махаббаттың өміршең дастаны ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан туынды – көрерменге ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясын, философиясы мен дүниетанымын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салтын біртұтас күйінде көрсетеді.
Сілтеме бойынша көбірек қойылымдар
Комментарии (0)